2017 жылғы 20 қыркүйекте Астана қаласында Қазақстан машина жасаушыларының «Қазақстанның жаңа индустрияландыруы: жоғары технологиялық машина жасау» тақырыбына V мерейтойлық форумы өз жұмысын бастады. Форум аясында Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің сенімгерлік басқаруындағы «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы қорғаныстық машина жасау бағыты бойынша секциялық салалық жиналыс өткізді.
Секциялық отырысқа Қазақстанда аккредиттелген әскери атташелер, күштік құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ, отандық және шетелдік машина жасау компанияларының басшылары қатысады.
«Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Орман Нұрбаев өз сөзінде ұлттық компания - машина жасау холдингі бола отырып, Қорғаныс министрлігі мен күштік құрылымдардың тапсырыстарын орындайтындығын, сондай-ақ, ұлттық компаниялардың және ірі кәсіпорындардың машина жасау өнімдерінің қажеттіліктерін қамтамасыз ететіндігін атап өтті.
Отандық машина жасау саласын дамыту жөніндегі міндеттер шеңберінде «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асырды. Электрондық оптикалық аспаптар орталығы, EC145 тікұшақтарын құрастыру және техникалық қызмет көрсету, брондалған доңғалақты көлік құралдарын өндіру бойынша зауыттар құрылды, 600 тоннаға дейін су ығыстырымымен кемелер құрылысы, дәлдіктің 5-ші сыныпты баспа платтарын шығару өндірісі игерілді.
Бұрғылау қондырғыларын, вагондарды, жүк автомобильдерін, тіркемелерді, тактикалық және жедел радиостанцияларды өндіру, автомобильдерді, авиацияны және арнайы техниканы жөндеу мен жаңғырту өндірістері қалыпты жолға қойылған. «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ кәсіпорындары қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлерін әзірлеу мен енгізу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Ресейлік ірі компаниялармен және холдингтермен келісімдер жасалды, соған сәйкес, мұнай-газ және энергетикалық жабдықтарды экспорттау жүзеге асырылуда.
Бүгінгі таңда «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ кәсіпорындары шығарылатын әскери және азаматтық өнімдердің номенклатурасын қарқынды түрде кеңейтуге, қазақстандық үлесті арттыруға дайын.
Секция қатысушылары Қазақстанның қорғаныстық-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының экспорттық мүмкіндіктерін қарастырды, сондай-ақ, машина жасау саласының заманауи технологияларын қолдануды талқылады.